Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Қызылорда облысы

Адасқандар дейміз бе, әлде Шульте кестесімен жадымызға жол ашқандар дейміз бе?

Адасқандар дейміз бе, әлде Шульте кестесімен жадымызға жол ашқандар дейміз бе?

Қала үлкейген сайын адам адаспайды деуші еді. Біздің Қызылорда қаласында керісінше. Қаланың көп көшесінде мекен-жай дұрыс көрсетілмей, бірі анда, бірі мында болып адасып жүр. Ретімен келіп тауып ала қою қиын. Кей үйлерде номер де жоқ. Ал, кей көшелерде екі атау, екі номер берілгендер бар. Соның салдарынан қанша жедел жәрдем уақытын жоғалтты, қанша өрт сөндірушілер дәл уақытында бара алмады, ішкі істер саласының қызметкерлері қанша рет адасты, бір Құдай біледі. Поштаның хаттары дәл солай сандалтады. 

рген Ә.Бөкейханның көшесінде №90-шы үй, одан кейін №88 үй деп келеді де, келесі үй 42-ші болып шыға келеді.
 Ендігі қызық мынаны қараңыз. Алматы және Бекқожаев атаулары бір көшені иемденіп жатыр. Сол көшеде, №4-ші үйден кейін №1а деген үй тұр, бұл жерде жұп пен тақ бірге орналасқан. №1а деген үйден кейінгі үйдің нешінші үй екенін тұрғыны да білмейді.  Өйткені сан берілмеген. Өз болжамдарымен атау қойып алыпты.
Түлкібаев №31-ші үйден кейін Роза Бағланова №184 деген үйді көресіз. М.Исаев №32-ші үйден кейін осы бетінен, яғни қарама-қарсы бетінен емес, жанында  №33-ші үй тұр. Бұл біздің көшедегі жұбы не, тағы не бәрі бір деген саясат. 
Алматы көшесінде №1-ші нөмермен 5-6 үйді нөмірлеген. Оңаша бұзаудан ортақ өгіз дегені ме, әлде сан жетпей жатыр ма, білмедік.
Сол сияқты Лапин көшесі №70 үйден кейін №7 а деген нөмірлі үй алдыңыздан шығып, ақылыңнан адастырса, Кеншімбай көшесі №22 үйден кейінгі үйді №81-ші үй егеленіп есіңді екеу етеді. 
Бәйгеқұм көшесінде № 89 үйден кейін №95, одан кейін №101, 105, 113 деп аттап-аттап, алалап-құлалап кете береді. Арман Төлеубаев көшесінде де дәл осындай. Мысалы, №117 үйден кейін №179, 195, 187, 199, 213, 131, 110, 161, 149 нөмірлері берілген. Ортадағы үйлер ұшып кетті ме, жерге түсіп кетті ме, оны әкімдік білмесе біз білмедік. Нақты көрініс осындай. Адасасың, алжасасың.
Жүсіпов көшесінің жұп жағы оңтүстіктен басталып солтүстіктен аяқталса, тақ жағы керісінше солтүстіктен басталып оңтүстіктен аяқталады.  Ғабит Мүсірепов №31-ші үйден кейін алдыңыздан №43 үй шығады. Он үйден аса үйді алыптардай бір-ақ аттадым ба деп қаласыз.
Айта берсек өте көп. Мақала емес, кітапқа арқау боларлықтай адасқан сандар мен алжасқан көшелер. Дамыдық, 30 елдің ортасынан ойып орын алдық деп жүрген дамыған елдің бірі Германия. Сол елдегі Дрезден қаласында 120 үлкен көпір бар. Ал, біз ше, жүз жиырма көпір салмақ түгіл 120 көшеміздің аты мен затын реттей алмай отырмыз. Әлде, бұның барлығына бей-жай қарады деп отырған жергілікті билігіміз халықты адасқан сандармен емдегісі келіп жүр ме екен? Яғни, Шульте кестесімен шаршаған жадымызды қалпына келтірмек шығар бәлкім.
Пифагор: сандар дүниедегі заттар мен адам өміріне реттілік пен үндестік (гармония) береді, оларды әсемдікке, космосқа ұластырады, - деп тұжырымдаған жоқ па?
Шульте кестесі әр торында нақты бір ақпарат ретсіз орналасқан кестеден тұрады (көбіне реттік сандар). Шульте кестесінің (немесе Shultz tables) ең таралған түрі – бұл 1-ден 25-ке дейінгі кездейсоқ сандар орналасқан 5 баған мен 5 жолдан (суреттен) тұратын шаршы кесте. 
Шульте кестесі:
- ақпаратты қабылдау жылдамдығын арттырады;
- көру аумағын кеңейтеді;
- көздің қимыл жылдамдығын күшейтеді;
- логикалық ойлауды арттырады;
- ойлау ритмін қалыптас­ты­рады;
- жылдам оқуда мәтіндегі көлемді ақпаратты тұтас қамтуға көмектеседі.
Ауқымды көру, сонымен қатар көзбен іздеу қабілеті сандарды дұрыс іздеу кезінде ғана емес, сонымен қатар жаттығуды жүйелі түрде жасау арқылы қол жеткізіледі. Сондықтан дейді мамандар: «Шульте кестелерімен 2-3 апта бойы аптасына 20-30 минуттан кем дегенде 3-4 рет жұмыс істеу қажет. Егер жаттығу кезінде көздеріңіз талып кететін болса, онда кішігірім үзіліс жасау керек немесе келесі күні жалғастырыңыз» дейді. Біздің билік осылайша терең ойлаған-ау, Иә, ойран болған ойымыз бен, сайрандаған санымыздың былығын осылай деп өз-өзімізді жұбатып, жаппасақ болмас.
Сөз реті келгенде айта кетейік, қаланың көшесінде жүрсе­ңіз қызметте болған адамдардың атынан аяқ алып жүре алмайсың. Әкесінің атына жанталасып көше бергізеді де, оның көркеюіне, нөмірінің реттілігіне назар аудармайды. Бұл сол адам үшін және осылай жасаған перзенттері үшін үлкен сын емес пе! Сондықтан, былай ету керек деп есептеймін.
Барлық көшелерді реттеп, сосын өзгермей­тіндей етіп нөмірлеп тастау керек. Мәселен, №1-ші, 2-ші, 3-ші, 20-шы көше деп кете берсін. Ал, атау берем десе қалталылардың әкесіне берілсін. Оны көше адамдары сайлау арқылы өткізсін. Егер, ұрпақтары сол көшенің барлық жағдайына қарамайтын болса жиналыс өткізіп алып тастасын. Сол кезде жергілікті билік көшенің жарығы, абаттандырылуы, нөмір, асфальты, сол көшедегі төмен отбасының мәселесі дегендей көптеген қиындықтан құтылады.
Тіпті кімнің әкесінің атындағы көше жақсы, мәселесі жоқ, тұрғындары бақытты деген байқаулар ұйымдастырып тұру керек. Сонда депутат сайлап та әуре болмаймыз, әкімге де шағым айтпаймыз. Көше қай байдың әкесінің атында болса, сол байға салмақ саламыз. Мәселен, қаламыздағы үлкен көшені еліміздегі ең бай адам Болат Өтемұратовтың әкесінің атына берейік. Сол кезде бар қаржысын біздің көшемізге құймай ма? Сөйтіп, көшенің қараңғылығынан, асфальттың жоқтығынан, нөмір­інің дұрыс еместігінен құтыламыз. Тұрмысы төмен отбасы деген болмайды. 
Ал, олай болмайынша адас­қан сандармен адасып, талай қолайсыздықтарға ұрынып, жер­гілікті билікке өкпе-ренішіміз жал­ғаса беретіні ақиқат. Егер Шульте­ кестесімен көшемізді реттеп, ха­лықты психологиялық тұрғыдан емдеп жатырмыз десе... Онда қойдық.
 

басқа жаңалықтар