Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Қызылорда облысы

Қазалының билігі елді «құрттың» үстіне айдап отыр

Қазалының билігі елді «құрттың» үстіне айдап отыр

Жақында Қазалының билігі ел алдында есеп беріп, атқарған жұмыстары мен алға қойған мақсаттарын баяндады. Ел басшыларының мәлімдемесін тыңдап Қазалының үздіксіз дамып, қарыштап, өркендеп бара жатқанына дән риза болысты ел. Атқарылған қанша жұмыстар мен, көптеген еңбектің жемісі бүгінде тамылжып түрғанын жеткізгенде, қазыналы Қазалы көркі көзіңді жұмып, аузыңды аштырып тастайтындай ғажайып мекенге айналып, дамыған отыз елдің қатарында жарқырап шуақ шашты. Оған шынайы дәлел, басшылардың баяндамасы.
 

Елге қалтықсыз еңбек етіп жатқан сол азаматтардың баяндамасын тыңдаған халық бақыттан балбырай қалқып, әкімге ең жоғарғы бағасын берді, соңында ақсақалдар бата жасады. Ел ризашылығын білдіріп қолын жайған батагөйлердің дуалы тілегін қазалылық Динара Дастенова деген азаматша бөліп жіберіпті. Тәтті түстей болған сәттің шырқын бұзған азаматша әлгіндегі әдемі суреттерді шошытып, зым-зия етті де ауданның аса ауыр халі болып отырған мәселесін жайып салды, - деген сыпсың әңгіме тарап үлгерді бүгінде. Селт ете есін жинаған жұрт Динараның «Әкім мырза, Елбасы басшыларға мұрындарыңды аспанға шүйіре бермей, табандарыңның астына қараңдар деп  айтқан жоқ па еді. Олай болса табан асты болып жатқан қазалылықтардың басына түскелі тұрған қасіретке назар салыңыз» дегеніне үрпейісе қарап, әліптің артын күтіп аңтарылып қалыпты. Елдің ертеңіне алаңдай шырылдаған Динара кеше ғана үлкен даумен жабылған Өкпе аурулар ауруханасының ғимаратына аудандық СПИД, Жұқпалы аурулар ауруханасы мен Тері аурулар ауруханасын көшіргенін ал, бұрынғы өкпе ауруына шалдыққан науқастар емделген ауру­хананың ғимараты толық залалсыздандырылмағанын айтыпты. Тіпті, Д.Дастенова: «біздің Тері аурулары ауруханасы көшіп барғанда ол ғимараттың ішінде құрттар жатты, қол жуатын шүмектер, әжетханалар ауыстырылмаған. Бұл деген халықты қасіретке байлау» деп салды - деді әкім есебіне қатысқандар. Ай, сол қыз халықтың ішіндегі өте өзекті мәселені ұдайы көтеріп, әкімдерге жақпай қалып жүр. Соған қауіп болмаса екен десті гүбірлеп. Біз де дереу ер көтерер шоқпарды нәзікжандылығына қарай беліне байлаған Динара Дастеновамен хабарласып, осы қауесеттің ақ- қарасын білуге тырыстық.

 

Редакция:

-Динара ханым, Сіз жергілікті биліктің халық алдындағы есебіне қатыстыңыз ба? Сізге әкімнің есебіне қатыспаңыз деген қысымдар болыпты, сол рас па. Рас болса неге деп ойлайсыз?

 

Динара Дастенова:

-Иа, әкім есеп беретін күн таяғаннан неше түрлі қоңыраулар болды. Балаң жұмыс жасайды ғой, соны жерге қаратпа деп ескертті. Яғни, әкімге сұрақ қойсаң өзіңнің де, балаңның да жұмысынан ілік іздеп, ізіне түсеміз дегендейін ойларын жеткізгісі келді-ау шамасы. Бірақ, бұл әрекеттерге қарамай қатыстым. Сол ке­дергілерден өтем деп жүргенімде әкім кездесуі басталып кетіпті. Мен барсам бітуге жақын қалған. Есіктерін ішінен жауып тастағандықтан әзер дегенде ішке кіріп едім, ардагер, аудандық мал дәрігерлік бөлімінің басшысы М.Дүйсенов әкімге ал­ғысын білдіріп жатыр екен. Елдің жанына батқалы тұрған мәселесі көтерілмегенін сол жердегілерден сұрастырып білген соң дереу сөз сөйлеуге ұмтылдым. Баяғысынша сөйлетпеуге әрекет жасалды. Қара басымның қамы болса қоя салар ем, бұл елдің мәселесі ғой. Сондықтан бұлқынып шығып, кедергілерге қарамай дауыс ұзайтқышты алдым да: 
«Құрметті әкім мырза. Жақында ғана жабылған туберкулез ауруханасының бос қалған ғимаратына кеше ғана аудандық СПИД, Жұқпалы аурулар ауруханасы мен Тері аурулар ауруханасын көшірді. Мен жұқпалы аурулар ауруханасының қызметкері болған соң бұйрық­ты орындап, ұжымдастарыммен бір­ге өз бөліміміз орналасатын бөлмелерді тазалауға бардым. Біз барған соң туберкулез ауруханасы болған ғимараттың ешқандай залалсыздандырылмағанын көзбен көрдік. Дереу аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Жарылқаповқа телефон соғып, мән–жайды айттым. Санитарлық қадағалау мекемесі рұқсат бермеген дедім. Ол біздің мекеменің бөлім меңгерушісі Әбілқазы Таласбаевқа қоңырау шалып, бізді кері көшірді. Себебі, расымен ол ғимараттың ішінде майда құрттар өріп жүрді. Қол жуатын шүмектері (раковиналар), әжетханалар (унитаз) ауыстырылмаған, сол қалпында тұр. Оны аудандық аурухананың басшысы Гүлжаһан Тасеменқызы ұялы телефонына түсіріп алды.
Бізден бөлек барған әлгі екі мекеме де қауіпті жерге орналасты. Тіпті, Жұқпалы аурулар ауруханасы емделушілерімен көшіп барды.  Бұл деген халықты құрттың үстіне айдау ғой. Сон­дықтан бізге берсеңіздер жаңа ғимарат беріңіздер, бермесеңіздер апаттық болып танылмаған ғима­ра­тымыздан көшірмеңіздер, - дедім.
-Бұл қара басыңыздың мә­селесі емес, бүкіл елдің, халықтың мәселесі екен. Бірақ, мұны әкім мен ақсақалдар дұрыс қабылдамады деген сөз бар. Ол рас па? Біз бұған сенбейміз. Себебі, қазақ елдің қамын айтқан адамды тыңдамаған би мен ханды да, ақсақал мен азаматты да нағыз залымға, елдің жауына теліп жатады. Ал, қасиетті Қазалының ақсақалдары би­лік­ке жалбақтамайды және билігі елдің ғана қамын ойлайды және халқын құрметтейді деп есептейміз. Сондықтан бұл қауесет жалған болар.
-Сіздер қалай ойласаңыздар солай ойлаңыздар. Мен осы мәселені айтқан кезімде аудан әкімі М.Ергешбаев мырза Қазалы аудандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлім басшысы Гүлсім Имандосовадан осыған байланыс­ты жауап беруін сұрады. Ал, ол болса: 
- Бұрынғы өкпе аурулар ауру­ханасының ғимараты қайтадан залалсыздандырудан өтеді. Сосын барып ұрықсат етеміз, - деді. Сонда, біз сол ғимараттың ішіне көшіп барып жатқан кезімізде бұл мекеменің қайда қарап отырғанын білмеймін. Ал, сіз мақтап отырған ақсақалдарға мәселеден гөрі батасы керек ау.
-Тері аурулары ауруханасы апатты жағдайда деп еді ғой?
-Тері аурулар ауруханасы мен емханасы екі ғимратта, бөлек бөлек орналасқан. Соның емханасы ғана апатты деп танылды. Ал, ауруханасы әлі сақадай. Сол ғимарат бір кәсіпкерлерге өте шұғыл арада керек болып жатыр екен. Сондықтан бізді көшіріп, қуып отыр емес пе? Тіпті, кейде жауып тастаймыз деп үрейлендіріп қояды. Бізбен бірге көшкен екі мекеменің де басында осындай жағдай дейді ел. Сондықтан үш бірдей медициналық мекемені толық залалсыздандырылмаған бұ­рынғы туберкулез ауруха­насының ғимаратына қуа­лап жатыр. Яғни, бұл жерде халықтың денсаулығы емес, жеке кәсіпкердің құлқыны маңызды болып отырғандай көрінеді маған.
-Әкім сұрағымды тыңдағысы келмеді, жауап та берген жоқ дедіңіз. Бұл өкінішті әрине. Егер таңдағанда өзге де қоятын елдің мәселелері бар ма еді?
-Әрине, бар. Мәселен, біздегі жұмыссыздық жөнінде айтқым келген. Елге берген есебінде жұмыспен қамтылып жатыр деп дардай етеді. Ол рас болса жастар елден қалаға жұмыс іздеп кете ме? Егер әкім мықты болып, өндіріс орындарын ашып жатса олай болмас еді. Мектепте оқушылардан ақша жинау тыйылмай тұр. Газетке өз еркімізбен жазылу деген жоқ. Осы және өзге де ел ішіндегі мәселелерді жайып салмақ болып едім және шығар жолдарын да айтпақ болғам. Ақсақалдар дейін бе, қариялар дейін бе, әйтеуір ұзақ жасағандар бұйығы шарамызды бөлдің дегендей жан-жағымнан лап қойғанда мүмкіндік таба алмадым. Оның үстіне М. Ергешбаевтің дүрсе қоя бергені де ел мәселесін тұншықтырды. Елбасы болса билік адамдары елдің құлы деп ұдайы айтады. Ал, бізде керісінше.
-Сіз, аудандық тері аурулар ауруханасында кіші мейірбике болып қызмет жасайсыз. Бұған дейін де елдің мәселесін айтып, билікке халықтың жайын жеткізіп жүрсіз.  Осы шындықты айтқанымның кесірінен баламның жұмысына тиісіп, өзіңізді жұмыстан шығарып жібереді деп қорықпайсыз ба?
-Біздің елдің билігінен қорықпаймын деу бекершілік. Сынды мүлде қабылдай алмайды. Күңкілдеп, бұрқылдап сыныңның маңызына емес, сөзіңнің мәніне қадалады. Бұны өздеріңіздің газеттеріңізден де көріп жүрміз ғой. Таудай мәселені алдына жайып салсаң оған жауап бермейді де, әр сөзіңнің астарынан кір іздеп кетеді. Ал, жұмысыңа залалы тимей ме дегеніңізге тағы да күдікпен жауап беремін. Балама да алаңдайтыным ақиқат. Азаматтықты ысырып қойып, әйелге тән әрекет етіп кететін ерлеріміздің істерін естігенде «қауіп қайдан демейік» деп ішімізден үрейленеміз де. Бірақ мен айтсам шындықты, елдің жағдайын айттым. Сол үшін жұмыстан шығарса амал не. Аңдысқан алмай қоймайды, күндескен көрмей қоймайды демекші, мен не балам жұмыстан шығып жатса, тек осы елдің жайын атқанымнан ғана болады. Болмаса мен тері аурулар ауруханасында қызмет еткеніме 15 жыл болды. Жұмыстан кешікпеймін, өз ісімді адал атқарамын. Егер жұмысымнан түртпектеп шығарып жатса, онда осы әділдікті іздегенім үшін, елдің мәселесін көтергенім үшін шығарды деп есептей беріңіз. Басқа ештеңе де емес.


Динара Дастенованың ақсақалдардың әкімге берген батасын бұзғаны әбестік пе, әлде әкімге беріп жатқан батамызды бұздың деген қазалылық ақсақалдардың өкпесі орынды ма? Ол жағын ойлы оқырман өздеріңіз саралай жатарсыздар. Ал, біз әкімдердің есеп беруін әлі спектакль секілді қабылдаймыз.
 

Редакциядан:
Бет қатталып жатқанда Өкпе аурулар ауруханасына көшіп барған Жұқпалы аурулар ауруханасының емделушілерімен бірге аудандық аурухана ғимаратына қарай көшірілгенін естідік. СПИД - мекемесінің қызметкерлері бүгінде әлі сол бұрынғы өкпе аурулары ауруханасында орналасып отыр.

басқа жаңалықтар