Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Қызылорда облысы

«Кено» келгелі кино болып жатырмыз

«Кено» келгелі  кино  болып  жатырмыз

«Кено» деген ойын автоматы бар. Ақша саласың, ұтыласың. Ұтылған соң күйінесің, жанұяңның шырқы кетеді, өзің ішімдік ішесің не ұрлық жасайсың. Ал, ол ойынханаларды жаптыруға жергілікті биліктің қауқары жетпейді-ау.  

Бұл жаңақорған­дық ойын автоматынан зәбір көруші­ жанұядағылардың жан­да­рын ауыртқан кеселден туындаған пікірі. Өйткені, біздің Жаңақорғанда ойынханаларды дөкей­лер, ішкі істер саласының басшылары қорғайды деп күйінеді ел.
Көпшіліктің өтініші бойынша бұл мәселеге арнайы зерттеме жасап, Қорасан ата көшесінің бойындағы «аузы мұрны жоқ ақ отаудай» болып тұрған, ойын автоматы деп күдікке ілінген ғимаратқа бардық. Ғимараттың терезесін тұмшалап, темір есігінің үстіңгі бөлігін түрменің есігі секілді етіп төртбұрыштап ойған екен. Бұл әрекеттері есік қағылған кезде ашпас бұрын сол тесіктен қарап, ойнайтын адамдарды ғана кіргізуге ыңғайлағаны.
Бейнебақылауы бар телефонды қо­сып таспалап тұрғанымыз сол еді екі адам, яғни, ойнаушылар ойынханаға кіріп кетті. Одан кейін тағы біреулер көлікпен келіп, түсе сала әлгі ғимараттың есігін қақты. Ол жігіттерге мұнда не үшін келдіңіздер дегенімде «Не үшін келуші едік, ішіміз пысты. Сосын ойнауға келдік» деді. Артынша менің не мақсатта тұрғанымды, таспаға түсіріп жатқанымды білген соң қаша жөнелді.
Менің шақыруым бойынша Жаңақорған ішкі істер бөлімінің екі қызметкері келіп, ішінен құлыпталып тұрған ғимараттың есігін қанша қақса да аша алмады. Яғни, ойынхананың қызметкерлері мемлекеттің адамын сыйламай, полициядан келіп тұрмын десе де міз бақпады. Не істесең оны істе, құдайыңа бар дегендей кейіп танытқан бұл істерін көріп, «Е, ел айтпақшы шыныменен де бұлардың басшысы, крышасы Ішкі істер саласының дөкейлері екен ғой» деп түйдім.
Ең қызығы мынау болды. Шақыруыммен келген екі тәртіп сақшысы «мына ғимаратты жалға беріп отырған кім, оны жалға алып отырған ше?» деп менен сұрады. Құдай-ау, оны бұлар білмегенде кім білуі керек?! Әлде, мұндай кезде сақшылар есінен адасып қала ма? Болмаса, мына сұрауы қай сасқаны дедім гүбірлеп.
Ойынхана есігін ашпаған соң «Кено» ойнауға кіріп кеткен адамның көлігін көрсеттім де, осы көліктің егесін табыңдар деп едім, әлгі сақшыларым: «Ресейлік нөмір екен, базадан шықпайды ғой» деді бір-біріне қынжыла. Ал, бұған не дейсіз? Сонда Ресей нөмерін тағып жүрген көлік егелері біздің елімізде білгенін жасап жүре бере ме? 
Олардың бұл еш шарасыз күйі мен дым білмей тұрғаны шынайы келбеті ме, әлде мені мазақ етіп тұрғаны ма деген күдік қылаң ете қалды. Әйтеуір бір кино секілді. Киноның желісі қылмыстық әлем не әжуә болған сайқымазақ ойын. Болмаса, сақшылардың шарасыз болған бұл қай тұрысы? Әрине, тәртіп сақшылары да белгіленген тәртіптен шықпай тұрған болар. Бәлкім халық айтқандай тістері батпай тұрған шығар. Бірақ, мына «Кено» деген ойынхана еліміздің шырқын бұзып, заңнан аттап бітті. Сондықтан, бұған жергілікті билік қатаң бір шара көруі керек деп ойлайды жаңақорғандықтар.
 

басқа жаңалықтар